Аллаһ Құранда өлілердің естімейтіндігін, олардан дұға тілеу – Аллаһқа серік қосу екендігін айтты: «Шынында сен өлілерге естірте алмайсың». (ән-Нәмл; 80); «Тірілер мен өлілер тең емес. Рас Аллаһ әлде кімді қаласа, естіртеді. (Мухаммад) сен қабірдегі біреулерге естірте алмайсың». (әл-Фәтыр 22); «Олар – өлі, тірі емес. Сондай-ақ, қашан тірілетіндерін білмейді». (ән-Нәхл; 21). Аллаһ Пайғамбарға: «Өлілерге естірте алмайсың», – дегеннен кейін, Аллаһпен тартысып: «Қабірдегілерден сұрауға болады», – деп жүрген адам қалайша мұсылман болады? Немесе: «Мен әруақтарға құлшылық қылмаймын, тек солардың құрметімен, солар арқылы Аллаһтан сұраймын», – деген кісілер «Тек Саған ғана құлшылық қыламыз және тек Сенен ғана жәрдем сұраймыз» деген аятқа Қиямет күні не деп жауап бермек? Ондайлар туралы Аллаһ: «Олар Аллаһтан өзге өздеріне зиян не пайда бермейтін нәрселерге құлшылық жасап: «Оларды, Аллаһтың қасында шапағатшы етеміз», – дейді. (Мухаммад): «Сендер Аллаһқа, көктердегі әрі жердегі Оның білмеген нәрсесінен хабар бересіңдер ме?» – де. Аллаһ олардың қосқан серіктерінен пәк, жоғары», – деген. (Юнус; 18) Бұл аятта Аллаһ Өзінен басқа пайда да, зиян да бермейтін біреуден дұға жасап сұрауды ширк (серік қосу) деп атады, өйткені, пайда мен зиян тек Жалғыз Аллаһтың қолында (иманның алты шартының соңғысы – бүкіл жақсылық пен жамандық Аллаһтан деп сену). Ал, Нисә сүресінің 48-аятында Аллаһ өзіне серік қосуды (ширкті) ешкімге кешірмейтінін айтты: «Аллаһ Өзіне ортақ (серік) қосуды жарылқамайды да, бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды (одан төмен күнә). Сондай-ақ, кім Аллаһқа ортақ (серік) қосса, расында жала қойып, зор күнәлі болды». Сондай-ақ, дәрежесі ширк сияқты амалдар да мәңгілік Тозақта қалдырады. Мысалы, оларға: «Құдай жоқ», – деу, немесе «Аллаһты, Ақыретті кім көріпті, барлығы бос нәрсе», – деу; Аллаһтың белгілі бір затты не істі тыйым салғанын (харам еткенін) біле тұра, оларды рұқсат етілген (халәл) деу, немесе керісінше Аллаһ халәл еткенді харам ету; сондай-ақ, «Құран – Аллаһтың сөзі емес, оны Пайғамбар өзі жазған», – деу және осы сияқты үлкен күпірлік (куфр) болып табылатын сөздер мен амалдар жатады.

Теги других блогов: Аллаһ ширк өлілер серік қосу